«Нұр Отан» партиясының Ақтөбе филиалында медиация кабинеті ашылды, деп хабарлады Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.
Шараның ашылуында соттар әкімшісі А.Мамбетов басты мақсат соттан тыс дауларды шешу артықшылықтары туралы, медиация туралы Заңның ережелерін азаматтардың назарына жеткізу болып табылатындығын атап өтті. Қазіргі таңда соттар медиацияны қолдану тәртібімен шешілу мүмкіндігі бар істерді қарауда. Медиация кабинетінің ашылуы халыққа дауларды соттан тыс жағдайда шешудің артықшылықтарын білу мүмкіндігін береді.
Кездесу барысында Судьялар Одағы Ақтөбе филиалының төрағасы А.Қалмұхамбетов медиация кабинетінің ашылуы сот қорғауына жүгінбей-ақ бітімгершілік рәсімдерді қолдану арқылы дауларды шешуге мүмкіндік беретін маңызды қадам деп атап өтті. Медиатор орталықтары ұсақ дау-жанжалдарды дербес шешу мүмкіндігін қамтамасыз етіп, қазіргі заманғы азаматтық қоғамды қалыптастыруда айтарлықтай қолдау көрсете алады.
Сот өкілдерінің ақпаратына сай, ағымдағы жылдың 1 тоқсанында 219 іс, соның ішінде 142 қылмыстық іс және 77 азаматтық іс медиация тәртібімен қаралған.
Медиация кабинеті кеңсе жабдықтарымен мен әдістемелік нұсқаулармен, қажетті жиһаздармен жабдықталған. Сонымен қатар, медиация кабинетінде 2 ақпараттық баннер, медиацияны қолдану саласы туралы, бітімгерлік келісім рәсімдерін жүргізу қағидаттары және кәсіби және кәсіби емес медиаторлардың тізімі туралы ақпараттары бар арнайы стенд орнатылған.
Кездесу соңында қатысушылар Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.