Астанада 100 отбасы тұрғын үй сертификатының көмегімен  қоныс тойын тойлайтын болды
29 Декабря 2018, 15:20 1442

Астанада 100 отбасы тұрғын үй сертификатының көмегімен қоныс тойын тойлайтын болды

Астана қаласының әкімдігі аталған жоба үшін бюджеттен арнайылап 100 млн теңге бөліп отыр. Бүгін 1 млн теңгенің номиналды тұрғын үй сертификаттарын 100 адам алды. Олардың арасында дәрігерлер, мұғалімдер, полиция қызметкерлері бар. Қаражат Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) арқылы пәтер сатып алу үшін бастапқы жарна ретінде қолданылады.

"Мемлекет басшысы өз жолдауында әкімдіктерге халыққа арналған ипотека қолжетімділігін арттыруды тапсырды. Біз елордалық билікпен бірігіп бұл жұмысты алдын-ала бастап кеттік және бүгін Астана тұрғындарына алғашқы тұрғын үй сертификаттарын тапсырып отырмыз. Бөлінген қаражат олар үшін уақтылы көмек болмақ, бюджет қызметкерлері 20% көлеміндегі бастапқы жарнаны тездетіп жинай алады. Осыдан кейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі оларға жылдық мөлшерлемесі 7%-дан аспайтын несие береді. Заемның ең ұзақ мерзімі 25 жылға тең, ал сомасы 25 млн теңгеден аспайды. Мемлекет, әкімдіктер, банктер бірлесіп, осындай тәртіппен жұмыс істей бастаса, 10 жыл ішінде Қазақстандағы кезекте тұрған азаматтар санын екі есе қысқартуға болады. Қазір аталған көрсеткіш 440 мың адамға тең", - деп өтті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев.

Астана қаласы әкімдігі тұрғын үй сертификаттарынан үміткерлер тізімін әзірледі. Өтінім берер сәтте мұғалімдердің, дәрігерлердің және полиция қызметкерлерінің, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің Астана қаласында тұрақты тіркеуде тұруы қажет болды. Сондай-ақ үміткерлерден Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы атанып, шоттарында жинақ ақшасының болуы талап етілді.

Іріктеліп алынған үміткерлер тізімін Астана әкімдігі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне төлем қабілеттілігін растау үшін жіберді. Осыдан кейін үміткерлердің ақтық тізімі әзірленіп, бір ай ішінде қаражат Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шоттарға аударылады. Бұдан соң әлеуметтік көмек иегеріне үй таңдап, оның иесі атануға үш ай уақыт беріледі.

Сізден жаңалық